Артқа
Артқа

Ләзат Ақтаева ӘМСҚ басшысына Алматы облысында нобайлы жобаларды тестілеуді ұсынды

ӘМСҚ басшысы Сәбит Ахметов Алматы облысының медицина саласы өкілдерімен кездесіп, қордаланған мәселелерді ортаға салды. Кездесуде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісі Ләзат Ақтаева медициналық көмекті жоспарлау және сатып алу процедураларына өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар, өңірдің саладағы нобайлы жобаларды өңірде сынақтан өткізуге дайындығын жеткізді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Сәбит Ахметов Алматы облысына сапары барысында Қормен жұмыс істейтін емдеу мекемелерінің жетекшілерімен жиын өткізді.

Аймақтың өзге облыстардан ерекшелігі, мұнда үшінші, жоғары деңгейдегі барлық қызметтер кешенін көрсете алатын бірде-бір облыстық аурухана жоқ. Себебі, әкімшілік орталық болып тұрған кезде облыстық деңгейлі инфрақұрылым толығымен Талдықорғанда орналасқан болатын. Екіге бөлінгеннен кейін тиісті инфрақұрылымдар Жетісу облысының қарамағына өтті. Мысалы, өңірде перинаталдық орталық, инфекциялық аурухана, кардиологиялық орталық сынды тағы да басқа мамандандырылған салалық мекемелер жоқ.

«Өзгелермен салыстырғанда біздің өңір дәрігерлермен, орта буын қызметкерлерімен тиісінше қамтамасыз етілмеген. Бұған маман тапшылығы емес, облыстық деңгейдегі инфрақұрылымның жоқтығы себеп. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысандарына жасалған картографиялық сараптама нәтижесіне сүйенсек, 40 емханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет немесе жаңа ғимараттар салып беру керек. Тағы 34 елдімекенде медицина нысандары салынуы тиіс. Қазір ауылдардағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту шеңберінде салынып жатқан 38 құрылыс нысанын, соңғы үш жылда іске қосылған 15 нысан мен құрылысы жүріп жатқан тағы 6 нысанды қоспағанда, бізге осынша ғимарат қажет. Оған медициналық техника жетіспеушілігін қосыңыз, бұған шамамен 44 млрд теңге қажет. Егер біз бюджеттен бөлінетін инвестицияларға ғана қарап отыратын болсақ, бұл мақсаттар 10 жылда ғана орындалады. Сондықтан инфрақұрылымды жақсарту үшін жеке меншік инвестиция тарту мәселесінің маңызы артып отыр. Бірақ жеке инвестор қаржы құйған соң медициналық қызметтердің тұтынылатынына кепілдік талап етеді. Ал, аймаққа бөлініп отырған қаржы көлемі жеке инвестиция тартып, мамандандырылған қызметтерді дамытуға мүлде мүмкіндік бермейді», – деді Алматы облысының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ләзат Ақтаева.

Сонымен қатар ол ықылым заманнан бері қаражаттың өзге өңірлермен салыстырғанда Алматы облысына едәуір аз бөлінетінін алға тартты.

МСҚ басшысы 1,5 млн халқы бар облыстың халық саны екі есе төмен Қостанай немесе Қызылорда облыстарымен бірдей деңгей қаржыландырылуы әділетсіздік екенін мойындады.

«Орташа республикалық деңгейге жету үшін қаржыландыру көлемін 38%, стационарлық көмекке бөлінетін қаржыны – 100%, әлеуметтік маңызы бар ауруларға қарастырылатын қаражатты 100% көтеру қажет. Облыста тек емханалық-амбулаториялық көмек саласы ғана тиісті деңгейде қаржыландырылады деуге болады, оған бөлінетін қаржы көлемі өзге өңірлерден 8% ғана аз. Әлбетте, көмек көлемін теңестіру қажет. Біздің қаржыландыру көлемін орташа республикалық деңгеймен теңестіру туралы ұсынысымыз МСҚ тарапынан қолдау табатын болса, жеке инвестиция тартып, мамандандырылған қызмет түрлерін дамытар едік», – деп қосты Ләзат Ақтаева.

Жиында бұдан өзге де маңызды мәселелер сөз болды. Қатысушылар стационарларды қосымша қаржыландыру қажеттігін, ал скрининг, жылжымалы медицина кешендері сынды басымдығы жағынан алдыңғы қатарда тұрмайтын профильдерге бөлінетін қаржының жеткілікті екенін, аудандардағы жастар денсаулық орталықтарына мүлде қаражат қарастырылмағанын, онкологиялық дертке шалдыққан пациенттерді емдеу құнын аурудың деңгейіне қарай қайта есептеу қажеттігін атап өтті.

«Қай жерді алып қарасақ та бөлісуге тұрарлық нәтижелер аз емес. Мысалы, Алматы облысында кредиторлық берешексіз жұмыс істеп жатқан медицина мекемелері баршылық – мұны да маңызды жетістік деп атауға болады. Шығынның 80-90% жалақы төлеуге кетеді, соған қарамастан қиындықтан шығар жолды тауып, ұжымды ұйытып, қаржылық дисциплинаны сақтап отырсыздар. Алматы облысының тағы бір ерекшелігі – мұнда жедел жәрдем қызметі ешбір кредиторлық қарызсыз жұмыс істейді. Ал, еліміздегі өңірлердің барлығында да жедел жәрдем саласының қарызы бар. Сондықтан сіздер қолданып отырған тәжірибені меңгеріп, өзгелермен бөлісу қажет деп ойлаймын», – деп атап өтті Сәбит Ахметов.

Белгілі болғандай, облыстағы жедел жәрдем қызметі жалдамалы ғимараттарда орналасқан, көбіне медицина мекемелерінің бір бұрышын жалдап отыр. Сондықтан да коммуналдық қызметтер мен инфрақұрылымды күтуге көп шығынданбайды. Нәтижесінде бөлінетін тариф шығындарды қарызсыз жабуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда әр ауданда жедел жәрдем қызметін жеке ғимаратпен қамтамасыз ету қажеттігі бар, бірақ ол кезде шығатын шығын көлемі де артпақ. Ләзат Ақтаеваның айтуынша, қосалқы станциялар мен дислокация орындарының саны артады, жедел жәрдем шақыртуларына сұраныс күшейеді және бюджетке сұраныс шамамен 20% артпақ.

«Қалай болғанда да жедел жәрдемге бөлінетін тарифті өсіру жоспарланып отыр, бір шақыртуға берілетін қаржы көлемі 267 теңгеден 305 теңгеге дейін өседі. Шешім қабылданды, тиісті қаржы да қарастырылған. Бұл жағдайды біраз реттеуге көмектесуі тиіс», – деп жауап берді Қор басшысы.

Кездесу барысында медицина ұйымдарының жетекшілері ауылдық жерлердегі жарақаттарды қабылдау пункттері мүлде қаржыландырылмайтынын тілге тиек етті. Мысалы, жазда республикалық жолдардағы жол апаттары салдарынан жарақат алатындар саны артады және облыс аумағындағы демалыс орындарының көптігінен улану, суға батып кету сынды оқиғалар көбейеді. Ал, Орталық аудандық ауруханалар қаладағы клиниканың барлығы бірдей жасай алмайтын күрделі травматологиялық операцияларды жасайды. Бірақ травмпункттердің қызметіне ақы төленбейді, сондықтан бұл мәселе де қарастыруды қажет етеді, дейді олар.

«Қапшағай, Алакөл, Балқаш, Бурабай сынды курортты аймақтар маңында орналасқан медицина мекемелеріне белгілі бір түзету коэффицентін енгізу қажет деп ойлаймын. Менің бұл проблемадан хабарым бар, бұған дейін барған өңірлерде айтылды. Аудандар деңгейіндегі медициналық көмек көлемін көрсетілетін қызмет ерекшеліктеріне сай жоспарлау мәселесін пысықтауымыз керек», – деді Қор төрағасы.

Жиын соңында облыстық ДСБ жетекшісі Ләзат Ақтаева бірқатар ұсыныстар жасады.

«Кредиторлық қарыз мәселесінде сізбен толық келісеміз. Себебі бұл мәселеде медицина ұйымындағы менеджмент деңгейі маңызды рөл атқарады. Оған қоса, бізде кадр тапшылығы деген проблема жоқ, өңірде, әсіресе шалғай аудандарда мықты жоғарғы және орта буын мамандары көп. Тек оларға қолынан келетін медициналық көмекті халыққа көрсетуге жағдай жасауымыз қажет, – деді Ләзат Ақтаева. – Біздің өтінішіміз бар: қандай да бір жаңа жобаны сынақтан өткізетін болсаңыздар Алматы облысы дайын. Сондай-ақ, медициналық көмекті сатып алу тәртібін қайта қарастыруды сұраймыз. Нақтырақ айтсам, көмекті жоспарлау орталық деңгейде қалдырылса, ал, медициналық қызметті сатып алу мен қаржыны бөліске салу аумақтар деңгейінде жүзеге асырылса дұрыс болар еді. Өйткені біз өз қолымыздағы инфрақұрылымның жайын жақсы білеміз және ресурстарды нақты қажет жеріне бағыттап отырамыз. Мұның тиімділігіне уақыт өте келе көзіңіз жетеді».

18.09.2023
66% считают статью полезной Была ли эта статья для вас полезной ?
Сонымен қатар оқыңыз
ОБЩЕСТВЕННО-КОНСУЛЬТАТИВНЫЙ СОВЕТ ФСМС: ДОСТИЖЕНИЯ И ПЛАНЫ
ҚОРДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСІ: ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖОСПАРЛАР
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында Қоғамдық-консультативтік кеңестің ағымдағы құрамымен соңғы отырысы өтті. Шарада 2024 жылдың алдын ала жұмыс қорытындылары шығарылып,  Қордың ахуалдық-талдау орталығының қызметі таныстырылды. Сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
25.12.2024
СКОЛЬКО ПЛАТИТЬ НА ОСМС В 2025 ГОДУ
2025 ЖЫЛЫ МӘМС-КЕ ҚАНША ТӨЛЕЙМІЗ
Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалатындықтан, МӘМС төлемдерінің көбісі өзгермейді.
24.12.2024
ЗАПУСК СУР: КОМУ ЭТО ВЫГОДНО И КАК БУДЕТ РАБОТАТЬ
ТӘУЕКЕЛДЕРДІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ: БҰЛ КІМГЕ ТИІМДІ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
Медициналық ұйымдарды тәуекел аймақтарына бөледі. Олардың үштен екісі «жасыл дәлізге» кіреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында бұның қандай нәтиже беретінін түсіндірді.
20.12.2024
Барлығын көру
Подать обращение МӘМС калькуляторы Іздеу